iQala қалалық қызмет түрлерінің бірыңғай орталығы алаңында ашық форматтағы бизнес-жобалар тұсаукесері өтті. Бұл шараға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде мемлекеттік грант алуға үміткерлер қатысты. Осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік гранттар беруге 111 млн теңге қарастырылғанын айту ләзім. Бұл гранттар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, соның ішінде, жас және кәсібін жаңадан ашқан кәсіпкерлерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан азаматтарға беріледі. Қайтарымсыз қарыз ақшаны алған адамдар экономиканың, өнім өңдеуші өнеркәсіп салаларының басымдық берілген секторларында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асырады. Бағдарламаның елордадағы әкімшісі – Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы.
Жастар жылына арналған Жол картасына (бұл құжат Үкімет қаулысымен бекітілді) сәйкес, 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге гранттар беру үшін республикалық бюджеттен қосымша 75 млн теңге бөлінді. Осылайша, гранттарды қаржыландыруға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі шамамен 186 млн теңгеге көбейді. Байқауға қатысушылардан 250 өтініш түскен. Байқау комиссиясы соның ішінде 63 жобаның иелеріне мемлекеттік гранттар беруге шешім қабылдады. Үздік шыққан жобалар бизнес идеяның жаңашылдығымен, бәсекеге қабілеттілігімен және бизнес ашуға дайындығы сияқты критерийлермен бағаланды. Бір гранттың сомасы – 3 млн теңгеге дейін. Жобаларды бағалауды елорда мәслихаты бекіткен байқау комиссиясы өткізді. Оның құрамына Назарбаев университетінің, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әртүрлі кәсіпорындардың жетекшілері, кәсіпкерлер және Astana Hub-тың қызметкерлері кірді.
Тұсаукесер рәсіміне өтініш берген азаматтардың барлығы қатысты. Әрбір қатысушыға өзінің бизнес-жобасын жұртқа таныстыруға 3 минут, байқау комиссиясы мүшелерінің сұрақтарына жауап беруге 2 минут бөлінді. Дауыс беру рәсімі байқау комиссиясының әрбір мүшесінің жеке жазбасы бойынша онлайн-тәртіппен өткізілді. Ақпараттар бірден серверге түсіп, үміткерлер нәтижелерінің мәліметтер базасына енгізілді. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі үміткерлерге ғана белгілі бір артықшылықтар берілді. Бір қуанарлығы, ашық байқау жуырда ғана есігін айқара ашқан iQala орталығында өтті. Бұл – қала әкімдігі мен «Астана – адалдық алаңы» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаның біріккен жүйесі. Барлық рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында, «Астана – адалдық алаңы» жобасының қағидаттарына сәйкес, барлық бизнес-жобаларды тыңдау кезінде Facebook-ке тікелей онлайн-көрсетілім жүргізілді. Бұл кезде байқауға қатысушылар залда отырып, бір-біріне қолдау көрсетті.
Ұсынылған жобалардың арасында ақпараттық технологиялар (IT), денсаулық сақтау, білім беру, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, балалар ойыншықтарын шығару және өзге де салаларға қатысты идеялар болды. Қатысушыларға бизнес-жобаларын дайындау барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көп көмек көрсеткенін атап айтуымыз керек. Негізінен алғанда, IT-саласындағы жаңашыл жобалар көбірек кездесті. Мұны байқау комиссиясының мүшелері жария етті. Гранттар байқауының жеңімпаздарының бірі, математика мұғалімі, «Смарт білім» математикалық орталығының жетекшісі Аралбек Берікұлы 5-6 сынып оқушыларына арналған математика оқулығын таныстырды. Бір ғажабы, оның стандартты оқулықтардан айырмашылығы – кітап толықтай есептерден тұрады. «Кәдімгі мектеп оқулықтарында есептер аз. Оның орнына ережелер, тақырыпқа түсіндірмелер беріледі. Сондықтан, балалардың өткен тақырыпты санасына сіңіруге мүмкіндігі жоқ. Тақырыпты толықтай меңгеру үшін, біздің оқулығымызда 50-60 есеп беріледі. Әр бөлімнің QR-коды бар. Бала сол кодты көшіріп алып, арнайы сайтқа кіреді. Ол жерде бейнежазба ашылып, мұғалімдер сабақтың тақырыбын қарапайым тілмен, тәптіштеп түсіндіріп береді. Бұған қоса, сайтта басқа есептер де бар. Оны өз бетімен шығарған оқушы тақырыпты терең меңгереді. Грант бізге осы білім беру жобасын жүзеге асыруға қажет» деп түсіндірді «Смарт білім» математика орталығының жетекшісі.