17 шілдеде «Astana» ӘКК» АҚ елорда тұрғындары мен қонақтарын iQala қалалық қызмет көрсету орталығына Ашық есік күніне шақырады, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтың есігі келушілер үшін таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ашық болады. Осы уақыт ішінде кез келген ниет білдіруші iQala қалалық қызметтер орталығында көрсетілетін қызметтер, «Astana» ӘКК» АҚ бағдарламалары мен жобалары бойынша «1000 орын. Көше саудасы», сондай-ақ инвестициялық жобалармен танысуға, коммерциялық және әлеуметтік жобаларға тұрғын емес үй-жайларды жалға алу туралы мәлімет алуға болады.
«Astana» ӘКК АҚ қызметкерлері бағдарламалар мен жобаларға қатысуға, өтінімдер мен құжаттарды қабылдауға қойылатын талаптар бойынша кеңес береді.
Сонымен қатар, осы күні iQala қалалық қызмет көрсету орталығында елорда тұрғындары үшін мемлекеттік органдардың, аудандық әкімдіктердің қызметкерлерімен, кәсіпкерлікті қолдау институттарының, коммуналдық кәсіпорындар мен қаланың басқа да ұйымдарының өкілдерімен кеңес беру кездесулері ұйымдастырылады.
Іс-шараға қатысушылар арасында – «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, елордалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының, аудан әкімдері аппараттарының, Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Астана-РЭК» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКК өкілдері қатысады.
Айта кетейік, ашық есік күні Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы ауданы, Р.Қошқарбаев көшесі, 29, мекенжайы бойынша iQala қалалық қызмет көрсету орталығында өтеді.