Новости портала Iqala

Астана экономикалық форумы аясында экономистер мемлекеттік қызмет жұмысы тұрғысында «бір терезе» жүйесі бастамасын көтерген болатын. Онда үкімет пен азаматтардың өзара әрекеттесу механизмнің тек сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болу үшін ғана емес, қызмет алушының уақытын үнемдеуде де ыңғайлы болатыны айтылған-ды. Жалпы, 10 жылдан бері қолданысқа енгізіліп, бір орынға келіп, барлық қызмет түрін алу қазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Ал азаматтарды әртүрлі сұрақпен әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмей, бір терезеге келіп, барлық мәселесін шешуге мүмкіндік беретін орталық мемлекеттік органдардың тәжірибесін жергілікті деңгейге енгізу идеясы да ертеректе пайда болған. Алайда қалалық қызмет түрлерін бір кеңсеге орталықтандыру еліміз бойынша алғаш рет елордада іске асырылмақ. Нұр-Сұлтан қаласында жақында әкімдік басқармалары мен қаланың коммуналдық және муниципалдық қызметін біріктіретін бірыңғай орталық ашылады. Ол елордалықтарға қаншалықты жайлы болуы мүмкін? Бұл тың жоба туралы бірыңғай қалалық IQala алаңын құру жобасы операторының өкілі, «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Темірлан Нұрғисаевпен сұхбат құрдық.

– Темірлан Серікбайұлы, IQala «бірыңғай терезе» жобасы цифровизация бойынша жасалды ма? Жалпы, бұл жоба e-gov-тың қалалық аналогы ма?

– Иә, дәл айттыңыз. Азаматтарға арналған үкімет пен біздің жобамыз IQala-ның мақсаты бір. Ол – жұртшылықтыың мемлекеттік қызмет алу процесін барынша жеңілдету. Мысалы, келісімшартқа отыру, коммуналдық қызмет көрсету және тағы басқа жұмыстар бойынша әлемдегі озық технологиялардың арқасында енді адамдарды әр жерге жүгіртуге мәжбүрлеудің қажеті жоқ. IQala – атқарушы органдар мен коммуналдық және муниципалдық қызметтердің, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау институттарының тұрғындармен және «бір терезе» негізіндегі бизнеспен өзара әрекеттесу жөніндегі жаңа формат.

IQala алаңы – қалалық қызметті бір орында алуға арналған интегратор. Жыл соңына дейін 130 қызметті қамтуды, ал болашақта бұл трансформацияға елордадағы барлық кәсіпорынның қызметін қосуды жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезеңде Нұр-Сұлтан қаласы Білім және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары мен «Astana» ӘКК» АҚ-тың «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша, сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да көптеген құрылым жөнінде бір орында кеңес беру мүмкіндігі болады.

– Егер e-gov негізінде жұмыс жүргізсеңіздер, демек қызметті тек кеңседе ғана емес, интернеттегі бірыңғай алаң арқылы да алуға болады ғой? Қазір қателеспесем, қызмет түрлері көптеген басқарма мен ұйымның порталдарына таратылған. Солай ма?

– Мен жаңа IQala алаңын бір орындағы барлық қызметтің интеграторы деп бекерге айтқан жоқпын. Біз қала тұрғындары үйден шықпай-ақ өз беттерінше барлық қызметті алу үшін арнайы интернет порталы мен мобильді қосымшаны жсап жатырмыз. Жалпы, мұның негізгі мақсаты – жоба нәтижесінде елордадағы әр ұйымның жұмысын жоғарылату, тұтынушыға бағытталған барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету, қызмет алу үдерісін жеңілдету.

– «IQala» атауынан IТ Qala, яғни ақпараттық технологиялар қаласы (Information Technology) деген ұғымды байқауға болады. Сіздің жауаптарыңызға қарағанда менің бұл пайымым қате емес сияқты...

– Концепциясын әзірлеу барысында жобаның атауы бойынша көп ұсыныс болды. Сіздің айтып отырған нұсқаңыз да дұрыс. Бірақ біз IQala-ны басқа «І»-мен байланыстырамыз. Бұл – ағылшын тіліндегі «intellectual» сөзінің қысқартылған нұсқасы. Яғни «Ақылды қала». Өзіңіз білесіз, Нұр-Сұлтан – ақылды әрі жайлы қала ретінде дамуды мақсат тұтып отырған шаһар.

– Қаланың жайлы болғаны жақсы, әлбетте. Бірақ шаһардың халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қалың кезек мәселесіне қандай шара қолданбақсыздар? Тұрғындар Азаматтарға арналған үкімет көп күттіреді деп шағымданып жатады...

– Біз жобада барлық нюансты қарастыруға тырыстық. IQala бойынша тұрғындарда үш тәсілмен кезекке тұруға мүмкіндік пайда болады. Біріншіден, кезекті талонмен ресепшен арқылы алады. Екіншіден, талонды өз бетінше электронды жүйе арқылы алып, кезекке тұрады. Ал үшіншіден, IQala порталы арқылы кезекті қашықтықтан брондайды. Соңғы екеуінде астаналықтар белгіленген уақытта келіп, бірде-бір минутын жоғалтпайды.

Бірақ IQala орталығы орналасатын ғимарат (Қошқарбаев даңғылы, 29 мекенжайындағы жаңа ғимарат) кең әрі жайлы. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға да барынша жағдай жасалып, ана мен балаға арналған бөлме, балалар бұрышы қарастырылады. Қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін екінші деңгейлі банк бөлімшелері мен банкоматтар да қойылады. Сондықтан бұл жерде кезек күткеннің өзінде де жайсыздық тудырмайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ бұл мекенжайды таңдауда аталған аумақтағы қоғамдық көлік қозғалысының дамығандығы әрі автотұрақтың ыңғайлылығы да ескерілді. Бұл тұрғыда Қошқарбаев даңғылы, 29 мекенжайы барлық келушіге қолайлы болады деген сенімдеміз.

– Кеңседе мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалғанын айттыңыз. Бірақ Қошқарбаев даңғылы, 29 мекенжайына келе алмайтын азаматтар мемлекеттік қызметпен қалай қамтамасыз етілмек?

– IQala сөзсіз барлық тұрғынға барынша ыңғайлы әрі жайлы болады. Талдау жұмыстарының көрсеткішіне сәйкес, елордада мемлекеттік мекемелер мен қалалық кәсіпорындардың қызметін көрсететін мобильді кеңселер жоқтың қасы. Бұл тұрғыда ІQala жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып та қызмет көрсетуді қарастыруды жоспарлап отырмыз. Егер өз бетінше IQala-ға хабарласқан жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға кезексіз қызмет көрсетіледі.

– Соңғы кездері Қазақстанда бизнес-қауымдастық өкілдері үшін арнайы орталықтар құрылуда. Сізердің жоспарларыңызда мұндай орталық қарастырылған ба?

– IQala алаңында кәсіпкерлер энергоүнемдеу, коммуналдық кәсіпорындардың, бизнесті қолдау және дамыту институттарының қызметтерін ала алады деп отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, бірыңғай орталықта «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кеңесшілері келушілерге «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасының шарты мен ережесі, мүмкіндігі туралы айтатын болады. Сол сияқты кәсіпкерлер «Даму» қорының елордадағы филиалы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және басқа да құрылымдардың бағдарламалары туралы бір орынға келіп, кеңес ала алады. Бұл белгілі бір мөлшерде астаналықтардың өз ісін ашудағы процесті жеңілдетіп, кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға, елордадағы шағын және орта бизнестің дамуына атарлықтай үлес қосуы қажет.

– Сіз жаңа орталықта әртүрлі құрылымдардың кеңесшілері болады дедіңіз. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта жекелеген кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген мамандар IQala-ға топтастырылады деген сөз бе?

– Болашақта IQala-да кез келген салаға қатысты сұрақтар бойынша қызмет көрсете алатын әмбебап операторлар жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Бірақ олардың оқуына біраз уақыт керек. Жобаны жақын арада іске қосу үшін әзірге ұйымдардың өкілдері қызмет көрсететін болады. Оған дейін әмбебап оператор болатын мамандар тәжірибе жинақтап алады. Алайда алдағы уақытта қызмет түрлері автоматтандырылғанда операторлар саны азайтылады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Posted in Новости портала Iqala on янв 11, 2020