IQala қалалық қызметтер орталығының басшысы Руслан Жұмаділов «Qazaq» радиосының тікелей эфирінде «Темя дня» бағдарламасында орталықтың қызметі, бірінші жұмыс жылындағы жетістіктері мен жақын болашақтағы даму жоспарлары туралы сөз қозғады.
IQala қалалық қызмет көрсету орталығын құру Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылды. Осылайша, елорда монополистердің қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша біріктірген елдегі алғашқы қала болды.
«Орталықта электр қуатына, суға, жылуға және қоқысты шығаруға шарт жасасу, сондай-ақ БТҚ түбіртектеріндегі деректерді өзгерту бойынша ең сұранысқа ие қызметтер көрсетіледі. Барлық тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді iQala фронт-кеңсесінде, сондай-ақ www.iqala.kz порталында онлайн режимде алуға болады» - деп түсіндірді спикер.
Бұрын қызметтерді көрсетуге арналған ережелер болмаған, ал өтініш беруші монополистерге үнемі қоңырау шалып, құжаттардың дайын екенін мезгіл-мезгіл біліп отыруы кажет еді. Қазір үш күн ішінде өтініш берушіге құжаттарының дайын екендігі туралы смс-хабарлама келеді. Өтініш беруші қол қойылған келісімшартты iqala.kz порталындағы жеке кабинетінде ала алады.
«Орталықта қашықтықтан электрондық цифрлық қолтаңба және басқа қызметтерді алуға болатын өзіне-өзі қызмет ету аймағы бар. Біз өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын веб-камерасы бар және интернетке қосылған 6 компьютерге дейін кеңейттік. Онда біздің мамандар сізге қажетті кеңес береді, бірақ қызметтерді өзіңіз аласыз, осылайша біз компьютерлік сауаттылық деңгейін көтеруге және адамдарды басқа да онлайн сервистерді пайдалануға үйретуге тырысамыз», - деп атап өтті Руслан Жұмаділов.
Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 20 қызметті цифрландырып, қызметтер санын 151-ге дейін жеткізу жоспарланған. Ал келесі жылға iQala порталына тағы 60-тан аса жаңа қызмет түрін енгізу көзделіп отыр.