IQala орталығының негізі қаланғаннан бері жеке және заңды тұлғаларға 36 000-нан астам қызмет көрсетілді, олар «Астана-АЭК» АҚ, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКК, «Астана-ЕРЦ» ЖШС, «Clean city» ЖШС, «SPK Astana Development» ЖШС («1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бойынша), «Қазақтелеком» АҚ, «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК ұйымдарының қызметтері. Қазіргі уақытта 131 қызмет цифрландырылды.
«IQala» жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында қойылған бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және мемлекеттік қызметтерге цифрландыруды енгізу жөніндегі міндеттерді шешеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыруға ерекше назар аударды. «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы... Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс»,- деді Президент.
Бұрын жеке және заңды тұлғалар жарыққа, суға, жылуға қосылу және қоқыс шығару бойынша келісім шарт жасау үшін әрбір монополистті жеке-жеке айналып өту қажет болатын. Қазір барлық қызметті бір жерде, iQala орталығында немесе www.iqala.kz порталында ЭЦҚ көмегімен үйден шықпай-ақ алуға болады.
Сондай-ақ орталықта кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға онлайн форматта инженерлік желілерге қосылу және коммуналдық қызметтерге техникалық шарт алу қызметтері көрсетіледі.
«Бұрын қызмет көрсету регламенті болмаған және өтініш беруші монополистерге құжаттардың дайындығын анықтау үшін үнемі қоңырау шалып, хабар алып отыруы тиіс болатын. Қазір үш күн ішінде өтініш берушіге құжаттарының дайын болғандығы туралы SMS-хабарлама келеді. Қол қойылған шартты өтініш беруші iQala порталындағы жеке кабинеттен алады», - деп атап өтті iQala қалалық қызметтер орталығының басшысы Руслан Жұмаділов.
Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 20 қызметті цифрландырып, қызметтер санын 151-ге дейін жеткізу жоспарланған. Ал келесі жылға iQala порталына тағы 60-тан аса жаңа қызмет түрін енгізу көзделіп отыр.