Халықаралық рейтингтік агенттік Fitch Ratings «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) шетелдік және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтерді «BBB-» деңгейінде «тұрақты» болжамымен тағайындады.
Аталған рейтинг Қоғамның қаржылық тұрақтылығы мен тиімді басқару жүйесін, сондай-ақ оның тұрақты даму әлеуетін көрсетеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша кірістер 21 762 219,68 мың теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 49%-ға артты.
2025 жылғы таза пайда 2 639 926 мың теңгеге жетті.
Қоғамның инвестициялық қызметі де жоғары белсенділікпен сипатталады. 2025 жылы жалпы құны 23,8 млрд теңгені құрайтын 19 жоба пайдалануға берілді. Олардың қатарында жабық жүзу бассейндері, спорт орталықтары, футбол алаңдары, автосервис нысандары және өндірістік базалар бар.
Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту аясында жалпы ауданы 20 153,21 шаршы метр болатын үш шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға берілді. Жобалардың жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде ӨДҚ желісі бойынша қаржыландыру – 3,4 млрд теңге, нәтижесінде 80 жұмыс орны құрылды.
Қоғам портфелінде жалға берілетін 271 коммерциялық үй-жай бар, оның ішінде әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған нысандар да қамтылған.
Қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. 2025 жылы 6 инвестордың қатысуымен 89 LED-экран орнатылды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 45%-ға артық.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында Қоғам 19 атау бойынша 33 мың тонна өнімді жеткізуге 9,4 млрд теңге сомасына 24 келісімшарт жасасты. Бұл өнімдер елорданың 190 сауда нүктесі арқылы сатылады.
2025 жылы Қоғам жаңа бағдарламаларды іске асыруға кірісті:
– тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау және кейіннен көппәтерлі тұрғын үй кешендерін салу (бағдарламаны іске асыру 2026 жылы бюджет қаражатын тартпай жалғасады); – мектепке дейінгі мекемелер салу.
2023–2024 жылдар аралығында 1 723 601 мың теңге көлемінде дивидендтер төленді, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 2026 жылы 1,9 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеу жоспарлануда.
Қоғам қызметі жергілікті бюджеттен қаржыландыру тартылмай, толықтай өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.