Қазақстанда инклюзия саласында 100 сарапшы дайындалады 2024 жылдың 16 қыркүйегі елордада мүгедектігі бар адамдарға арналған алғашқы оқу-әдістемелік ресурс орталығының тұсауы кесілді.
«Еуразиялық инклюзия орталығы» мекемесі қалалық ортадағы әлеуметтік, көлік инфрақұрылымы мен қызметтерді, туристік бағдарларды ерекше адамдарға қолжетімді етуді мақсат етіп отыр. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландырды.
Астанада бастау алған игілікті іс бүкіл елге таралып, саладағы түйткілді мәселелерді шешуде бірыңғай үйлестіру орталығына айналмақ. Осылайша тұрғындарға қызмет көрсететін ұйымдар мен әкімдіктердің жұмыс тиімділігін бағалап, бекітетін әдістер мен құралдар енгізіледі деп күтілуде. Тиісті шаралар аясында құзырлы орындармен оқу бағдарламалары келісімделуде. Болашақта нысандардың қолжетімділігін бағалауға өкілетті сарапшылар мен тексерістен өткен нысан-қызметтер тізілімі (реестр) түзілмек. Нәтижесінде келесі 2025 жылдың сәуір айына дейін қажет кезде дереу кәсіби көмек көрсететін 100 сарапшы-нұсқаушы дайындалып, сәйкесінше бастапқы сәтте 100 нысанды қолжетімділікке бағалау іс-қимылымен қамту жоспарлануда.
Еске сала кетсек, Қор биылғы жаңа оқу жылында Астананың 5 мектебінде өзіндік үлгідегі инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып, ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам бала басқа қатарластарымен бірге оқи алатын болды.