Үш жыл бұрын Назарбаев университетінің түлектері Алия Сабитова, Асем Тәжиева, Азиза Хамитова және Гульмира Пармашева инклюзия саласындағы қоғамдық маңызды жобалар мен бағдарламаларды дамыту үшін бірікті. Осы уақыт аралығында олар құрған Инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы үкіметтік емес ұйым ретінде азаматтық сектор және оқу орындарымен өзара әрекеттестікте жұмыс істеді. Қауымдастық негізінен интеллектуалды қызмет атқарды. Уақыт өте келе, мақсаттар мен жоспарлар кеңейген сайын, оларға арнайы орын қажеттігі туындады.
«Барлық әлеуметтік жобаларымызды жүзеге асыру үшін бізге арнайы кеңістік керек екенін түсіндік. Бұл – тренингтер, семинарлар өткізу және мамандардың біліктілігін арттыруға арналған орын. Мұның бәрі тұрақты базаның болуын талап етеді», – деді Қауымдастықтың төрт негізін қалаушысының бірі Алия Сабитова.
Қыздар бұл мәселені зерттей бастады, ресми сайттардан ақпарат іздеді. Әкімдікке хат жазғаннан кейін, оларды «СПК Astana» АҚ-на бағыттады.
«Біз өз жобамызды таныстырып, қызметіміз аясында қандай нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды және жобаны жүзеге асырған жағдайда қандай өзгерістер болатынын жан-жақты түсіндірдік. Бізді тыңдады, қолдау көрсетті», – деді Алия.
Олардың әлеуметтік желілеріндегі ақпаратқа сәйкес, тренинг-орталықта ай сайын 150-ден астам адам – педагогтар, ерекше балалардың ата-аналары және мүмкіндігі шектеулі жандар тегін білім ала алады. Бір жылда 1800-ден астам адам маңызды білім мен қолдау алмақ.
«Менің миссиям – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын тек білім беру ғана емес, түрлі салаларда жақсарту. Ерекше баланың анасы ретінде мен осы қиындықтарды өзім бастан өткердім және оларды толық түсінемін. Біз күшімізді біріктіріп, инклюзивті қоғамды дамыту үшін әлеуметтік бастамаларымызды ілгерілетудеміз», – деп атап өтті Алия Сабитова.
Тренинг-орталықтың қызметі туралы Азиза Хамитова да өз ойымен бөлісті:
«Мен мұғалім ретінде сапалы білім әркімге қолжетімді болуы үшін инклюзивті орта қалыптастыруға ұмтыламын, соның ішінде мұғалімдердің әлеуетін арттыру арқылы. Сондықтан мен тек балаларға ғана емес, мұғалімдерді де оқытамын. Біз осы бағытта үлкен күш салудамыз».
Қауымдастықтың тағы бір негізін қалаушысы Асем Тәжиева бұл тренинг орталығы ата-аналар мен педагогтардың жиналып, өмірлік маңызды мәселелерді талқылап, қолдау тауып, шешім іздеуіне арналған орынға айналады деп сенеді.
«Мен 2018 жылдан бері инклюзивті білім беру мәселелерімен айналысып келемін, Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі профессорларымен бірге зерттеулер жүргіздім. 2019 жылы сирек кездесетін генетикалық диагнозы бар ерекше қызым дүниеге келді. Сол кезден бері менің миссиям – тек білім беру ғана емес, жалпы қоғамда да ерекше балаларға лайықты жағдай жасау», – деп қорытындылады ол.
Сіз тренинг-орталықты қолдап, олардың парақшасына жазылу арқылы немесе бұл ақпаратты қажет ететін адамдармен бөлісу арқылы көмектесе аласыз.